"Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің  жанындағы   Көкшетау қаласының "Ертөстік" балабақшасы"мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
 Государственное коммунальное  казенное предприятие "Детский сад "Ертөстік" города Кокшетау при отделе образования по городу Кокшетау управления образования Акмолинской области"

Instagram

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Нормативтік құжаттар

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрінің

2018 жылғы «____»  __________

№____  бұйрығына

1-қосымша

 

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» 2007 жылғы
27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармағына сәйкес әзірленді және мыналарға:

1) оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына;

2) тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне;

3) тәрбиеленушілердің даярлық деңгейіне;

4) оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды.

2. Осы стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:

1) ата-аналар дағдылары – баланың дене, зияткерлік және эмоционалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру, оның әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету, тиісті мінез-құлықты қалыптастыру үшін қажетті дағдылар;

2) әлеуметтендіру – қоғамда толыққанды өмір сүру үшін қажетті білім, білік, дағдыларды, нормаларды, қағидаларды меңгеру арқылы баланың әлеуметтік ортаға ену процесі;

3) әлеуметтік дағдылар – бала мектепке дейінгі жаста меңгеретін өзара әлеуметтік әрекеттің әдістері мен тәсілдері;

4) интеграция – мазмұнның құрылымдық бөлімдерінің арасындағы байланысты орнататын процесс;

5) ерте дамыту – баланы туғаннан бастап үш жасқа дейін дене, зияткерлік және эмоционалдық дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру;

6) заттық-кеңістіктік дамытушы орта – мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, зияткерлік, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар жүйесі;

7) инклюзивті білім беру – барлық тәрбиеленушілердің ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс;

8) күн тәртібі – баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін тәулік бойғы уақытты тиімді бөлу және түрлі іс-әрекет пен демалыстың дұрыс өзара бірізділігі;  

9) күту – ерте жастағы балаларға күтім жасау, тамақтандыру, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру шараларын ұйымдастыру;

10) оқыту нәтижесі – баланың даму деңгейінің көрсеткіші;

11) өз бетінше үйрену дағдылары – баланың дербес және ересектердің басшылығымен қоршаған ортаны тануда және мектепте оқуға табысты дайындалуда жинақтаған дағдылары;

12) үлгілік оқу бағдарламасы – әрбір ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиіс білім, білік, дағдылар мен құзыреттіліктердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;

13) үлгілік оқу жоспары – жас топтары бойынша бір аптадағы ұйымдастырылған оқу қызметінің тізімін, көлемін, ұзақтығын реттейтін құжат;

14) ұйымдастырылған оқу қызметі – білімді игеруге, біліктер мен дағдыларды меңгеруге бағытталған педагог пен тәрбиеленушілердің бірлескен әрекеті;

3. Мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беру ұйымдарының мектепалды даярлық сыныптарында саны әрбір жасқа үш адамнан аспайтын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқыту қарастырылады. Топта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар болған жағдайда топты жасақтаудың ара қатынасы үш тәрбиеленушіге бір ерекше білім беру қажеттіліктері бар баладан іске асырылады. 

 

 

2-тарау. Оқу нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптар

 

4. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары мен орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары білім беру қызметін:

1) «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен (мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына (бұдан әрі - үлгілік оқу жоспарлары);

2) «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 14 қыркүйекте № 14235 болып тіркелген) (бұдан әрі - үлгілік оқу бағдарламасы) сәйкес жүзеге асырады.

5. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұны:

1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге;

2) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасында оқыту, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін ескеріп, сабақтастық пен үздіксіздік ұстанымдарын қамтамасыз етуге;

3) мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді бастауыш білім беру ұйымдарында оқыту үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді құруға;

4) қимыл, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік білім, білік, дағдыларын, өз бетінше үйрену дағдыларын, сонымен бірге аталған білім, білік, дағдыларды ерте жастағы балаларда қалыптастыруға;

5) тәрбиелеу мен оқытуға психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға;

6) тәрбиеленушілердің жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп, оқу қызметіне дайындықты;

7) ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік және әлеуметтік-мәдени дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

6. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда баланың ерекшеліктері ескеріліп, жеке оқу жоспары мен жеке бағдарлама әзірленеді.

7. Оқытудың нәтижелері көрсеткіштер ретінде баланың даму мониторингін қамтамасыз етеді және оның жеке дамуын жоспарлаудың негізі болып табылады.

8. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы оларды кіріктіру жолдарымен іске асырылатын «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» білім беру салаларына негізделген.

9. «Денсаулық» білім беру саласы.

«Денсаулық білім беру саласының мақсаты денсаулығы мықты, дене бітімі дамыған баланы тәрбиелеу, тәрбиеленушілердің бойында өз денсаулығына саналы түрде қарауды қалыптастыру болып табылады. 

«Денсаулық» білім беру саласына ата-аналардың балаларға ерте жастан күтім жасауы мен оларды дамыту дағдыларына ие болуына жәрдемдесу, тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін игеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдыларды, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру, дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту, түрлі қимылды ойындарды өткізу, спорттық жаттығуларды орындау, спорттық ойындардың элементтерімен танысу енгізілген.

«Денсаулық» білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында, төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға; шығармашылық, танымдық, тілдік қабілеттерді қолдана отырып, негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы тәрбиеленушілердің қимыл-қозғалыс тәжірибесін байытуға бағытталған.

«Денсаулық» білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:

1) дене шынықтыруды (ерекше білім беру қажеттіліктері бар тәрбиеленушілерге арналған бейімделген дене шынықтыру);

2) қауіпсіз мінез-құлық негіздерін қамтиды.

10. «Қатынас» білім беру саласы.

«Қатынас» білім беру саласының мақсаты ауызекі сөйлеуді қалыптастыру, өмірдегі түрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын игеру, оқу мен жазудың алғышарттарын қалыптастыру болып табылады.

«Қатынас» білім беру саласы тәрбиеленушілердің түрлі іс-әрекетінде балалар әдебиетімен таныстыру арқылы ауызекі және байланыстырып сөйлеуді, мәнерлеп оқу мен мазмұндауды, тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді, белсенді сөздік қорын байытуды, тілдік нормаларды игеруді, мемлекеттік, орыс және шет тілдерінің бірін дамытуды қамтиды.

«Қатынас» білім беру саласының мазмұны коммуникативтік біліктер мен дағдыларды дамытуға, балалардың түрлі іс-әрекетінде ауызекі сөйлеуді дамытуға, сөздік қорды байытуға, балалар әдебиетіне қызығушылықты   дамытуға бағытталған.

«Қатынас» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

1) сөйлеуді дамытуды;

2) көркем әдебиетті;

3) сауат ашу негіздерін;

4) қазақ тілін (орыс тілінде оқытатын топтарда), орыс тілін (қазақ тілінде оқытатын топтарда) және шет тілдерінің бірін;

5) драманы;

6) Әліппені қамтиды.

11. «Таным» білім беру саласы.

«Таным» білім беру саласының мақсаты мектеп жасына дейінгі баланың жеке тұлғасын қоршаған әлеммен өзара іс-қимыл жасаудағы қажетті танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгеруі үшін  дамыту болып табылады.

«Таным» білім беру саласы санау дағдыларын, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар мен конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстары туралы білімдерді кеңейтуді қамтиды.

«Таным» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

1) сенсориканы (1 жастан 3 жасқа дейінгі бөбек жасы топтарында), математика негіздерін;

2) құрастыруды;

3) жаратылыстануды қамтиды.

12. «Шығармашылық» білім беру саласы.

«Шығармашылық» білім беру саласының мақсаты шығармашыл тұлғаны қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерді, сезімдік-эмоционалдық саланы, қиялды, ойлауды, көркем талғамды дамыту болып табылады.

«Шығармашылық» білім беру саласы сурет салу, мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды, өнер түрлері туралы қарапайым ұғымдарды, тәрбиеленушілердің дербес шығармашылық іс-әрекетін іске асыруды қамтиды.

«Шығармашылық» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

1) сурет салуды;

2) мүсіндеуді;

3) жапсыруды;

4) музыканы қамтиды.

13. «Әлеумет» білім беру саласы.

«Әлеумет» білім беру саласының мақсаты мектеп жасына дейінгі балаларды қолайлы әлеуметтендіру, балаларды мәдени-әлеуметтік нормаларға, отбасы, қоғам мен мемлекеттің дәстүрлеріне баулу болып табылады.

«Әлеумет» білім беру саласы әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын игеруді, қоғамда өзін-өзі ұстай білудің адамгершілік нормаларын, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді, баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін, дербестігін тәрбиелеуді, өзінің отбасы мен құрбыларына жақындық сезімін, оларға құрметпен қарауды, эмоционалды елгезектікті, жанашырлықты қалыптастыруды, қазақ халқының, сондай-ақ басқа халықтардың тарихын, мәдениетін білу мен құрметтеуді, Қазақстан біздің ортақ үйіміз екені туралы түсініктерін кеңейтуді, еңбек түрлері мен түрлі мамандық иелеріне қызығушылықты қалыптастыруды қамтиды.

Ерте жастағы тәрбиеленушілерде отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын қалыптастыру баланың өмірін қорғауға және денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-коммуникативтік қабілеттер мен дағдыларды: мәдени-гигиеналық біліктер мен дағдыларды меңгеруге, тәртіп ережелерін үйретуге, күн тәртібіне дағдыландыруға, когнитивтік функцияларды дамытуға (алдында туындаған қиындықтарды көре білу, көңіл-күйінің, эмоционалдық жағдайының өзгеруін көру),  тұлғааралық қатынастарды құрудың негізі болып табылатын этикалық нормаларды үйретуге, отбасында және мектепке дейінгі ұйымда балалардың бір-біріне мейірімді болуына, көңіл бөлуге, қамқорлық жасау және бір-біріне көмектесу жағдайын құруға, жеке тұлғаның жайлы әлеуметтенуіне, эмоционалдық-адамгершілік қарым-қатынас тәжірибесін жинақтауға, балалар қызметінің әр түрінде тәрбиелеу дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

«Әлеумет» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

1) өзін-өзі тануды;

2) қоршаған ортамен танысуды;

3) экология негіздерін қамтиды.

 

 

3- тарау.  Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне  қойылатын талаптар

 

14. Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне  қойылатын талаптар Үлгілік оқу жоспарларында белгіленеді.

15. Жас топтары бойынша ұйымдастырылған оқу қызметінің аптадағы  жалпы көлемі келесі:

1) ерте жас тобы (1-2 жастағы балалар) –ұзақтығы 7-15 минуттан 7 сағат;

2) І кіші топ (2-3 жастағы балалар) –ұзақтығы 7-15 минуттан 9 сағат;

3) ІІ кіші топ (3-4 жастағы балалар) –ұзақтығы 7-15 минуттан 11 сағат;

4) ортаңғы топ (4-5 жастағы балалар) –ұзақтығы 15-20 минуттан 12 сағат;

5) ересектер тобы (5-6 жастағы балалар) –ұзақтығы 25-30 минуттан 17 сағат;

6) орта білім беру ұйымындағы мектепалды даярлық сыныбы (6-7 жастағы балалар) –ұзақтығы 25-30 минуттан 20 сағат.

 

 

4-тарау. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

 

16. Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиеленушісі Үлгілік оқу бағдарламасында белгіленген әрбір білім саласындағы жас топтары мен ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиісті білім, білік, дағдылар көлемін және құзыреттіліктерді меңгеруі тиіс.

17. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар тәрбиеленушінің жасына сәйкес оның жетістіктерін мониторингілеу негізінде үлгілік оқу бағдарламасында күтілетін нәтижелер түрінде  анықталған:

1) бірінші деңгей – бала осы немесе басқа білім мен әрекетті жаңғыртады;

2) екінші деңгей – бала белгілі бір білім қорына ие және өзінің әрекетін түсінеді;

3) үшінші деңгей – бала өзінің білетіні мен қолынан келетінін қолданады, білім, білік, дағдыларды дербес және шығармашылықпен қолданады.

18. Мектепке дейінгі ұйымның және орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныбы түлегі келесідей сапаларды меңгеруі тиіс:

1) дене бітімі дамыған;

2) білуге құмар;

3) өзіне сенімді және белсенді;

4) эмоционалды елгезек;

5) әлеуметтік дағдыларды және ересектермен, құрдастарымен өзара қарым-қатынас жасаудың, өз бетінше үйренудің дағдылары мен әдістерін меңгерген;

6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (ел), әлем және табиғат жөнінде алғашқы түсініктері бар;

7) орта білім беру ұйымында оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды игерген.

19. 1 жастан бастап 6(7) жасқа дейінгі тәрбиеленушілердің біліктері мен дағдыларының тізбесі осы стандарттың 1-қосымшасында берілген.

20. 1 жастан бастап 6 жасқа дейінгі тәрбиеленушілердің біліктері мен дағдыларының тізбесі осы стандарттың 2-қосымшасында берілген.

 

 

5 тарау. Оқыту мерзіміне қойылатын талаптар

 

21. Жас кезеңдері және жас топтары мынадай:

1) бөбек жасы – туғаннан бастап 3 жасқа дейін:

нәрестелік жас - туғаннан бастап 1 жасқа дейін;

ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жас тобы);

кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ);

2) мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6 (7) жасқа дейін:

кіші мектепке дейінгі жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (екінші кіші топ);

мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);

мектепке дейінгі ересек жас – 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (5 жастан 6 жасқа дейін – мектепке дейінгі ұйымдардағы ересек топ, 6 жастан 7 жасқа дейін – орта білім беру ұйымындағы мектепалды даярлық сыныбы).

1 жастан 6 (7) жасқа дейінгі тәрбиеленушілердің үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру мерзімі – 5 (6) жыл.

22. Жас кезеңдері мен жас топтары мынадай:

1) бөбек жасы – туғаннан бастап 3 жасқа дейін:

нәрестелік жас – туғаннан бастап 1 жасқа дейін;

ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жас тобы);

кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (кіші топ);

2) мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6 жасқа дейін:

мектепке дейінгі орта жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (ортаңғы топ);

мектепке дейінгі ересек жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (мектепке дейінгі ұйымдағы ересек топ), 5 жастан 6 жасқа дейін  – мектепалды даярлық тобы (мектепке дейінгі ұйымда), мектепалды даярлық сыныбы (орта білім беру ұйымында).

1 жастан 6 жасқа дейінгі тәрбиеленушілердің үлгілік оқу бағдарламасының жаңартылған мазмұнын меңгеру мерзімі  – 5 жыл.

 

 

 

Жаңартылған күні: 03.04.2019 18:03
Құрылған күні: 03.04.2019 18:26

Текст